Қазақ тіліндегі ЖИ курстары: Huawei және ҚР ҒЖБМ озық технологияларға қолжетімділікті кеңейтеді
Астана, 2025 жылғы 7 ақпан – Huawei компаниясы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, жасанды интеллект (ЖИ) курстарын қазақ тіліне бейімдеудің аяқталғанын жариялады. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында жасанды интеллект бойынша курстардың қазақ тіліне бейімделуі аяқталғанын ресми түрде хабарлады.

ЖИ бойынша білім беру бағдарламаларын мемлекеттік тілге бейімдеу – қазақстандық студенттер мен жас мамандарға заманауи білімге қолжетімділікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жақын арада студенттер машиналық оқыту, деректерді талдау, нейрондық желілер және ЖИ-дің әртүрлі салаларда қолданылуын қамтитын курстарды игере алады.
«Біз студенттерге жасанды интеллект саласындағы озық білімге ана тілінде қолжетімділік бере отырып, Қазақстанның цифрлық экожүйесін дамытуға қолдау көрсеткенімізге қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз – оқыту ғана емес, сонымен қатар елдің технологиялық прогресіне елеулі үлес қоса алатын жаңа буын мамандарын шабыттандыру», – деп атап өтті Huawei өкілі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова бұл жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті: «Huawei компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын жасанды интеллект курстарын қазақ тіліне бейімдеу – білім беруді цифрлық трансформациялау стратегиясының маңызды элементі. Бұл бастама Индустрия 4.0 сынақтарына дайын жоғары білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді деп сенеміз».
Курс бағдарламасы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының базасында онлайн және офлайн форматтарда жүзеге асырылады. Оқуды аяқтаған қатысушылар жасанды интеллект саласындағы біліктілігін растайтын сертификаттарға ие болады.
Бағдарлама және қатысу шарттары туралы қосымша ақпарат Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Huawei Technologies Қазақстан компаниясының ресми сайттарында жарияланады.