ЖИ, 5G және әлеуметтік желілер: Алматыда журналистиканың болашағы талқыланды
Алматыда Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының ұйымдастыруымен журналистерге арналған медиа-тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты – журналистердің цифрлық дағдыларын дамыту және қарқынды өзгеріп жатқан медиа кеңістігінде жұмыс істеуге дайындау. Тренингте цифрлық технологиялар мен журналистика саласындағы жетекші сарапшылар, сондай-ақ үкіметтік және коммерциялық құрылымдардың өкілдері білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті.
Цифрлық трансформация қауымдастығының президенті, Freedom Holding акционерінің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі Марлен Сихаев іс-шараны кіріспе сөзімен ашты. Ол заманауи медиадағы цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында журналистиканың болашағы туралы өз көзқарасымен бөлісті:
«Цифрландыру – бұл мүмкіндіктер. Кәсіби журналистика әрқашан дамудың алдыңғы қатарында болуы тиіс, ал қазіргі цифрлық дағдылар заман ағымына сай болуы керек. Цифрлық кеңістікте бүгінгі таңда халыққа ақпараттың ашық әрі дұрыс жеткізілуі маңызды міндет болып отыр. Мен осындай тренингтер журналистерге жылдам дамуға және оқиғалардан хабардар болуға мүмкіндік беретініне өте қуаныштымын. Huawei компаниясының осындай іс-шараларды ұйымдастыруы өте орынды, олардың шешімдері мен технологияларының негізінде бүгінгі күннің жаңалықтарынан хабардар болып отырмыз», – деп атап өтті Марлен Сихаев.
Өз сөзінде Huawei компаниясының сымсыз технологиялар өнімдері бойынша менеджері Дмитрий Рубцов цифрлық трансформацияның экономиканың негізгі секторларына айтарлықтай әсерін атап өтіп, 5G технологиясының әлеуетіне ерекше назар аударды. Ол 5G технологиясының түрлі салаларды, соның ішінде медиа саласын цифрландырудағы орасан мүмкіндіктері туралы айтты. Сарапшы 5G енгізу журналистерге көзді ашып жұмғанша деректерді жылдам беру, тікелей трансляциялардың жақсартылған мүмкіндіктері және шынайы уақыт режимінде үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеу үшін жаңа көкжиектерді ашатынын атап өтті.
«5G технологиясы цифрландырудың барлық сценарийлері мен қажеттіліктеріне сай келеді. Бесінші буын желілері ақпаратты беру тәсілін түбегейлі өзгертіп, байланыс сапасын жақсартуға және экономиканың көптеген секторлары үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға қабілетті. Бұл цифрлық технологиялардың дамуының жаңа кезеңі, ол журналистика мен медиа саласы үшін үлкен мүмкіндіктерді ашады», – деп бөлісті Дмитрий Рубцов.
Тренингтің негізгі сәттерінің бірі SMM сарапшысы Айгерім Ерғалиеваның әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша шеберлік сабағы болды. Ол өз сөзінде әлеуметтік желілердегі өзекті трендтермен бөлісіп, контент жасаудың маңызды аспектілерін атап өтті, сондай-ақ жұмыстың тиімділігін арттыру үшін заманауи құралдарды қалай қолдану керектігін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Диджитал-маркетолог Максат Ақпаровтың презентациясы да еш кем түспеді. Ол журналистикада нейрожелілерді қолдану мүмкіндіктері туралы айтып берді. Өз сөзінде ол жасанды интеллекттің мүмкіндіктері контент жасауға, процестерді автоматтандыруға және редакциялардың жұмыс тиімділігін арттыруға қалай көмектесетінін көрсетті. Тренингке қатысушылар жасанды интеллект негізінде мәтіндер мен суреттерді генерациялау сияқты заманауи технологиялармен және нейрожелілерді журналистердің күнделікті жұмысына интеграциялау тәсілдерімен танысты.
Медиа-тренинг медиа индустрия майталмандарын біріктірген маңызды білім беру алаңына айналды және қатысушыларға жаңа білім алумен қатар әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Қатысушылар іс-шараның жоғары өзектілігін және практикалық құндылығын атап өтіп, алынған білім олардың жылдам өзгеретін цифрлық ортада тиімдірек жұмыс істеуіне көмектесетінін баса айтты.