«Seeds for Future 2022» жаһандық Huawei бағдарламасы бойынша Қазақстанның 30 студенті оқуды бастады
Қазақстанда Huawei компаниясының «Seeds for Future 2022» оқу бағдарламасы іске қосылды. Ол бүкіл әлем бойынша студенттерге АКТ саласындағы білімін жетілдіруге және инновациялы технологиялар бойынша халықаралық сертификат алуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы жоғары оқу орындарының студенттері 4G және 5G технологиялары, заттардың интернеті, бұлт шешімдері, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік сияқты озық технологиялар мен шешімдерді зерттеуге арналған халықаралық бағдарламаға қатысты. Қатысушылар арасында техникалық мамандықтарда оқитын және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына қызығатын еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының үздік өкілдері бар. Биыл Қазақстандағы бірнеше жоғары оқу орындарының, атап айтқанда, АУЭС, ҚМЭБИ, ҚҚЭУ, ҚазҰУ, МУИТ, Назарбаев Университеті, ҚБТУ, Астана IT университеті және Сәтбаев университетінің 30 студенті іріктеу кезеңінің финалистері атанды.
Ашылу салтанатында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов, «Huawei Technologies Kazakhstan» бас директоры аппаратының басшысы Фарида Төлеубаева және АХҚО Төртінші өнеркәсіптік революция еншілес орталығының басшысы Павел Коктышев сөз сөйледі.
«Қазір экономиканың бір де бір саласы дәстүрлі түрде жұмыс істемейді Сол үшін цифрландыру үлкен роль атқарады. Сондықтан АКТ мамандықтары бойынша оқитын студенттердің университет бағдарламасынан басқа үлкен көлемдегі қосымша құзірет алуы өте маңызды. Қазір біздің елімізде үлкен мүмкіндіктер бар: біздің нарыққа қызығып отырған және өз тәжірибесін бөлісуге дайын түрлі компания бар. Қазақстан студенттері үшін халықаралық тәжірибені қарастыру, практика жағдайларын зерделеу, сарапшылармен сөйлесу маңызды. «Seeds for Future» бағдарламасы цифрландыру саласында белгілі бір міндеттер қойып, ІТ мамандарын көптеп дайындайтын бағыттардың бірін жүзеге асыруға көмектеседі», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов.
7 күнде жас мамандар АКТ-ның негізгі бағыттары бойынша онлайн курстардан өтеді: 5G, үлкен деректер, AI, IP, Cloud технологиялары, смарт үйлер мен қалалар, киберқауіпсіздік. Сабақтарды Huawei компаниясының жетекші сарапшылары жүргізеді. Олар компания 2009 жылы әзірлеген цифрлық технологиялар саласындағы Қазақстан мамандарын оқытудың экожүйесін құру стратегиясына сай студенттерге АКТ саласындағы өз білімі мен тәжірибесін бөліседі.
Бағдарлама барысында қатысушылар сонымен қатар Tech4Good командасы жобасында жұмыс істейді. Онда олар адам өмірінің маңызды салаларындағы инновациялық технологиялардың ролі мен құндылығын көрсете алады.
«Seeds for the Future 2022» бүкіл АКТ инфрақұрылымының экожүйесін алға жылжытады. Біз өскелең ұрпақтың осы секторды дамытудағы заманауи инновациялық үрдістер мен инновацияларды түсініп, осы білімді одан әрі Қазақстанда қолданғанын қалаймыз. Тренинг барысында студенттер жаһандық деңгейде білім алады. Өйткені біз дүниежүзіндегі ең жақсы лекторларды жинаймыз. Бұл бағдарлама Huawei компаниясының негізгі жобаларының бірі және біз әлемдік деңгейдегі білімді өз елімізде алуға болатынын көрсетіп, студенттерімізді қолдағымыз келеді. Сонымен қатар осы мақсатта Қазақстанның жоғары оқу орындарында АКТ академияларын ашып жатырмыз. Онда студенттердің тағылымдамадан өтуге және бүкіл әлемде мойындалған халықаралық сертификат алу мүмкіндігі болады», - деді Huawei Technologies Қазақстан бас директорының аппарат жетекшісі Фарида Төлеубаева.
«Seeds for Future 2022» бағдарламасының Қазақстандағы іріктеу кезеңі 11-21 қазан аралығында өтті. Осы уақытта студенттерден 199 өтінім қабылданып, оның 30-ы жобаға қатысушы болды. Жобаны іріктеудің негізгі критерийлері - ең жақсы GPA ұпайы, ынталандыру хаты және АКТ саласына үлкен қызығушылық. Бағдарламаны аяқтағаннан кейін барлық курсты сәтті аяқтаған және жобаның іс-шараларына белсенді қатысқан қатысушылар сертификат пен естелік сыйлықтарға, сонымен қатар Huawei компаниясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.