Қазақстан студенттеріне арналған Huawei халықаралық бағдарламасының нәтижеcі
Қазақстандық жетекші университеттердің студенттері АКТ саласындағы инновациялық технологияларды үйрену үшін Huawei компаниясының «Seeds for the Future» жаһандық оқыту бағдарламасына қатысты.
Алматыда студенттердің жоғары технологиялар саласындағы білімін кеңейтуге және оларды АКТ саласындағы жұмысқа кәсіби дайындауға бағытталған «Seeds for the Future» білім беру жобасының финалистерін марапаттау рәсімі өтті. Huawei-дің жаһандық бағдарламасы аясында Қазақстанның болашақ мамандарын дайындаудың негізгі векторы ретінде жасанды интеллект, 4G және 5G технологиялары, бұлт есептеулері және заттардың интернетін пайдалану мүмкіндіктері болды. Пәндерді сәтті оқып шыққан бағдарлама қатысушылары сертификаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Қазақстанда елдің IT-болашағын құрудағы белсенді құрамдас бөлігі «Seeds for the Future» бағдарламасы 2018 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Цифрландырудың мәселелерін шешуге қабілетті жоғары білікті мамандарды дайындау қажеттігі Huawei үшін болашақ АКТ сарапшыларын өзі оқытуға ынталандырды. Компанияның оқыту жобасы Қазақстан үкіметінен, университеттерден және түрлі саладағы серіктестерден кең қолдау тапты.
«IT саласы қарқынды дамып келеді, ол енді тар профильді сала емес. Бүгінде еңбек нарығы жан-жақты дамуды талап етеді. Тенденциялар мен сұранысты ескере отырып даму қажеттігі туды. Еліміз цифрландыру дәуірін бастан өткеріп жатыр. Бізге жоғары білікті кадрлар қажет. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің атынан Huawei компаниясына Seeds for the Future шарасын ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Бағдарламаға қатысушылардың серпінді идеялары еліміздің одан әрі дамуының өсу драйверлеріне айналады деп сенемін», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов.
Онлайн-тренинг аясында студенттер заманауи шешімдерді, соның ішінде технологиялық курстарды (5G, бұлттық технологиялар, жасанды интеллект және т.б.) оқып, әлемдегі көрнекті әріптестерімен бірге жұмыс істеу тәжірибесіне ие болды. Жан-жақты оқыту мақсатында Huawei студенттерге университетте алған теориялық білімін жаңартып қана қоймай, сонымен қатар АКТ нарығында сұранысқа ие практикалық дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
«Қазақстанның IT секторы өте жылдам дамып келеді. Еліміз әлемде де жақсы қарқын алып жатыр. Студенттеріміздің озық технологияларды көру және пайдалану мүмкіндігі болғаны маңызды. АКТ саласына қызыққан әр жас маман Huawei компаниясында тағылымдамадан өтуге өтініш беріп, оны аяқтай алады. Huawei әрқашан ашық және сіздің идеяларыңызды қолдауға дайын», - деді Huawei Technologies Kazakhstan бас директорының аппарат басшысы Фарида Төлеубаева.
Бағдарламаның маңызды бөлігі АКТ негізінде техникалық шешімдер арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған Tech4Good (Technologies for Good) топтық жобасына конкурстық қатысу болды. Биыл экология мен қоршаған ортаны сақтауға бағытталған жұмыстар жобаның финалына өтті. Байқауға қатысушылар Қазақстандағы пластик мәселесін шешу және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мақсатында бөтелкелерді жинауға арналған құрылғының тұжырымдамасын әзірледі.
«Біздің жоба – бөтелкеге арналған машиналар. Осыған ұқсас тұжырымдама бар, бірақ Қазақстанда жүзеге асырылмайды. Біздің жоба пайда табуды көздемейді, ол Қазақстан қоғамында экологиялық таза болашақ үшін күресуге құштарлық пен жауапкершілікті тәрбиелеуге бағытталған. Жақсы үйлестірілген командалық жұмысымыз финалға шығуға көмектесті. Біз басқа командалардың жобасы мен қойылымы негізінде дайындалдық және тәлімгерлер бермеген ақпаратқа сүйендік. Осындай мүмкіндік пен баға жетпес тәжірибе сыйлаған Huawei компаниясына ұжымымыздың атынан алғысым шексіз», - деді Алматы энергетика және коммуникация университетінің студенті Кемаль Сейдуалиев.
«Seeds for the Future» бағдарламасы бүкіл әлем бойынша студенттердің негізгі өсу нүктесі болып табылатын АКТ технологияларындағы инновациялар туралы білімін тереңдету мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Жоба жас таланттарды қолдап, олардың табысты білім алуына мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар оларға кең мансаптық перспективалар ашады. Оқуды сәтті аяқтаған жобаның финалистері одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен компанияда тағылымдамадан өте алады.