Қазақстандағы цифрлық инфрақұрылымның дамуына не ықпал етеді

Бұл сайт cookie файлдарын пайдаланады. Сайтты қарауды жалғастыра отырып, сіз cookie файлдарын пайдалануымызға келісесіз. Құпиялық саясатымызбен танысыңыз

Қазақстандағы цифрлық инфрақұрылымның дамуына не ықпал етеді

2023.08.14

Huawei Қазақстан бас директоры Чжао Сюй ынтымақтастықтың перспективасы мен жаңа технологиялық шешімдер туралы

Отандық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) нарығының күшті және әлсіз жақтары қандай? Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының дамуына не ықпал етеді және Huawei бұған қалай қатысуға ниетті? Компания Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарымен ынтымақтастық аясында қандай жаңа платформалық шешімдерді ұсынуға дайын? Осы және басқа да сұрақтарға Huawei Қазақстан компаниясының бас директоры Чжао Сюй Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

- Чжао Сюй мырза, сіз Huawei компаниясының Қазақстандағы бас директоры қызметіне жақында ғана тағайындалдыңыз. Ең әуелі сіздің осы жаңалығыңызға құтты болсын айтуға рұқсат етіңіз. Сіз туралы аздап білгім келеді: компанияға қашан келдіңіз, Қазақстанға дейін қай аймақтарда жұмыс істедіңіз? Қандай маңызды жобаларды жүзеге асыра алдыңыз?

– Мен Huawei-де 2005 жылдан бері, жалпы алғанда 17 жылдай жұмыс істеймін. Оның ішінде мен 11 жыл компанияның Оңтүстік-Шығыс Азияда, атап айтқанда Таиландта, Мьянмада, Вьетнамда орналасқан кеңселерінде жұмыс істедім және кейінгі бірнеше жылда Еуразия аймағында, әуелі Ресейде, қазір Қазақстандамын. Еңбек жолымды Бейжіңдегі кеңседе «Моторолла» бренді үшін ұялы байланыс технологиялары мен тұтынушыларға қызмет көрсетуге маманданған қатардағы менеджер ретінде бастадым.

Жалпы Huawei-дегі жұмысымның барлық уақытында мен бизнестің барлық дерлік саласында, соның ішінде сатуда дамыдым. Шын мәнінде, көп тәжірибе болды. Егер ірі жобалар туралы айтсақ, бірнеше мысал келтіре аламын. Атап айтқанда, менің жетекшілігіммен Вьетнамда алғашқы 3G интернет станциясы іске қосылды. Нәтижесінде 2009 жылы Huawei бүкіл елді осы байланыс арқылы толығымен қамти алды. Біз жабдықты әуелі ірі қалаларға енгіздік, сосын халық тығыздығы төмен аймақтарды, одан кейін тіпті шет аймақтарды біртіндеп қамтыдық.

Сол сияқты, 2012 жылы біз Тайландта 4G жобасын сәтті қосып, іске асырдық. 2017 жылы бүкіл Мьянманы 4G байланыс желісімен қамтыдық.

Айтайын дегенім, бұл жобаларды жүзеге асыру барысында біз кездескен басты кедергілердің бірі – халық тығыз орналасқан қалаларда станциялар салатын орын табудың қиындығы. Тығыз ғимараттар тіпті олардың төбесіне де жабдық орнатуға мүмкіндік бермейді. Маған түрлі нұсқаны іздеуге тура келді. Нәтижесінде біз екі шешімге келдік: біріншісі – станцияларды шам бағандарына орнату, екіншісі – жабдықты бірнеше бөлікке бөліп, тұрғын үйлердің қабырғаларына орнату.

Осы тұрғыда мен сіздің назарыңызды станция салу уақыты әдетте жобаның қаншалықты жылдам жүзеге асатынын анықтайтынына аударғым келеді.

Бұл тұрғыда Қазақстанның артықшылығы көп.

Сіздіңше ол қандай артықшылықтар? Жалпы Қазақстан нарығының қандай күшті және әлсіз жақтарын атап айтар едіңіз?

– Айта кету керек, Қазақстанның қуаттылығы - оның кең аумағы, базалық станцияларды салуға арналған бос кеңістіктің көптігі. Екінші жағынан, Қазақстан аумағының кеңдігімен халықтың салыстырмалы түрде аздығы Интернетке кең жолақты қол жеткізуді (КБҚ) сапалы және уақытылы қамту үшін біршама қиындықтар туғызады. Бірақ мәдени-географиялық ерекшеліктерімен қатар, сіздің елде көптеген экономикалық және технологиялық жетістіктер бар.

Соның бірі – Kaspi феномені. Ол халыққа қолма-қол ақшадан, тіпті банктік карталардан бас тартып, мобильді аударым жасауға мүмкіндік берді. Шынында, бүгінде Kaspi қосымшасын пайдалана отырып, кез келген жерде және кез келген уақытта қалаған қызмет пен өнімнің ақысын төлеуге болады. Ең бастысы - интернет қолжетімді болғаны. Kaspi-дің Әзірбайжан нарығына шығуы да жақсы үрдіс болды. Бұл жалпы аймақ экономикасына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Екінші бірегей жағдай – Қазақстанда мемлекеттік қызмет пен ресми құжаттарды алуда азаматтардың өмірін жеңілдеткен жеке E-gov электронды үкіметі бар. Қазақстан БҰҰ рейтингінде электронды үкіметті дамыту бойынша 28-орынға лайық болды.

Сонымен қатар Қазақстанның ірі қалалары мен халқы тығыз орналасқан аудандарында мобильді интернет пен ұялы байланыстың жеткілікті дамыған бағытын атап өткім келеді. Тұрақты және мобильді интернет пен ұялы байланысты енгізуге келсек, бұл сала Қазақстанда да айтарлықтай дамыған және тұрақты. Бұл бірінші кезекте ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан аудандарға қатысты.

Үлкен плюс – мемлекеттің жасыл энергетикаға қолдау көрсетуі. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның орталық және оңтүстік аймақтарында күн көп және ол жақта күн энергиясын өндіру айтарлықтай тұрақты. Қазір үкімет күндізгі және түнгі уақытта өндірілетін энергияны үнемдеудің жолын табу үшін белгілі қадамдар жасап жатыр. Біз де осы саланың дамуына үлес қосуға тырысамыз және өз шешімдерімізді ұсынуға дайынбыз. Жаһандық жеткізуші ретінде Huawei үшін алыс қашыққа сигнал беру үзіліссіз болуы ғана емес, сонымен қатар жабдықтың энергияны үнемдеуі және экологиялық таза болуы маңызды.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы БҰҰ-ның жетекші 20 көшбасшысының қатарына енуі үшін Қазақстанның отандық ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін берік базасы туралы айтады.

Дегенмен әлі де кем тұстар бар. Біріншіден, бұл - елдегі интернетті қамтудағы үлкен алшақтық. Жоғарыда айтқанымдай, мегаполистерде желі айтарлықтай жоғары деңгейде дамыған, бірақ қала сыртына шықсаңыз, интернет сапасы әлдеқайда әлсірейді. Алматының маңайында да жақсы байланыс орнату әрдайым мүмкін емес, ал бір жерде ол мүлдем жоқ, алыс аудандар мен ауылдарды айтпағанда. Реттеуші мен байланыс операторларының алдында кез келген адамға, тіпті еліміздің ең шалғай бұрышында да жоғары сапалы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті тұр.

– Сіздің ойыңызша, бұл олқылықты азайту үшін не істеу керек?

– Бұл мәселені шешу үшін мемлекет, ұялы байланыс операторы және жабдықты жеткізуші – үшеуі келісіп, бірлесе атқарылған жұмыс қажет. Бірақ ең әуелі, мемлекет ұялы байланыс операторлары шалғай және халқы аз аймақтарға станциялар орнатуға ынталандыру үшін жағдай жасауы керек. Сонымен қатар мұнда негізгі фактор - барлық жерде жүргізілмейтін электр энергиясын жеткізу бар. Соған қарамастан, өңірлерде баяу болса да қатынасты қамтамасыз ететін стансалар құрылысы жүйелі жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз.

- Ауа-райы қандай да бір түрде жабдықтың жұмысына әсер етуі мүмкін бе?

- Huawei жағдайында, жоқ. Біз үшін бұл - негізгі талап. Тіпті Эверест пен Солтүстік полюске біздің жабдықты орнатып, ол жерде тамаша жұмыс істеген жағдайлар да болды.

– Huawei Қазақстандағы мемлекеттік органдармен қалай ынтымақтасатынын білгім келеді?

– Айта кету керек, Huawei Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істейді, яғни біз республикада 24 жыл бойы өз қызметтерімізді ұсынып келеміз және қызметіміздің басынан бастап біз барлық байланыс операторымен, серіктестерімізбен тығыз жұмыс істеп келеміз. Олардың бәрі - экономиканың түрлі саласындағы ірі ұлттық компаниялар. Осы уақытта 15 мыңнан астам базалық станция салып, ел тұрғындарының 85%-ға жуығын қызметтерімізбен қамтыдық.

Жалпы біз көптеген мемлекеттік органдармен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойдық, бұл экономиканың түрлі салаларын одан әрі цифрландыруға негіз қалайды. Осындай ынтымақтастықтың бір мысалы – Оқу-ағарту министрлігінде корпоративтік желіні құру. Сонымен қатар білім беру саласында Huawei қазір болашақ IT мамандарына арналған бағдарламаға қолдау көрсетіп жатыр.

2019 жылдан бастап біздің компания 5-буын байланыс желілерін енгізу бойынша байланыс және байланыс операторлары саласындағы реттеушімен белсенді түрде ынтымақтасады, біз Қазақстанның ірі қалаларында 5G желілерінің сынағын сәтті өткіздік. Қазір реттеушінің 5G байланыс қызметтерін көрсету үшін жиіліктерді бөлу бойынша аукцион өткізу туралы шешімін күтіп отырмыз және оның нәтижесінде елдің жетекші байланыс операторларымен 5G желілерін Қазақстан бойынша енгізу және тарату бойынша тығыз жұмыс істеуге дайынбыз.

– Компания мемлекеттік органдармен бірлескен жобаларды жоспарлап отыр ма?

– Huawei бірнеше жылдан бері цифрландыру саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа арналған ұлттық жобаларды талқылауға қатысып келеді. Ынтымақтастық туралы жасалған меморандумдар шеңберінде біздің жетекші сарапшылар мен мамандар саланы дамытудың ең өзекті бағыттары бойынша консультациялық қолдау көрсетеді.

Бізде Қазақстан үкіметіне ұсынуға дайын белгілі бір шешімдер бар. Бірақ егжей-тегжейлер талқыланып жатқанда, мен оларды аша алмаймын, мәселе келіссөздер сатысында. Осы жылдың соңына дейін нақты нәтижеге жетеміз деп сенемін.

Мен тек Huawei компаниясының бұл салада тәжірибесі мол және бұл үшін барлық мүмкіндігі бар деп айта аламын. Айтпақшы, жақында Өзбекстан үкіметімен бірлесе отырып, біз жақын арадағы 3-5 жылда бұл елге цифрландыру платформасының үлгісі мен жаңа электрондық форматты іске қосуға және «электронды үкімет» архитектурасына көшуге көмектесетін кең ауқымды платформа – өзіндік хаб құрдық. Мұндай схеманы біз Қазақстанда да жүзеге асыра алар едік.

– Сіздің келуіңізбен жақын арада Қазақстан нарығында Huawei-нің қандай жаңа цифрлық шешімдері шығарылады?

 – Негізі Қазақстан нарығына оң көзқараспен қараймын және одан үлкен перспективаларды көремін. Мемлекеттің елде цифрландыруды дамытуға жоғары деңгейде қолдау көрсетіп отырғанын ерекше жақсы белгі деп білемін.

Осы мақсатта, Huawei компаниясының жақын арадағы жоспарлары туралы айтсақ, бірінші кезектегі серіктестерімізбен, Қазақстан Республикасының байланыс операторларымен мобильді және бекітілген кең жолақты интернетті іске қосу енгізу, шалғай аймақтарға кең жолақты талшықты тарту бойынша жұмысты жалғастыруды мақсат етеміз. Сонымен қатар бұл үнемді және экология жағынан таза.

Екіншіден, біз қалалық ортада интернеттің сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында мегаполистердің тұрғындары VR және 3D реалға кіру нүктелерін пайдалана алады. Біріншіден, бұл қызметті үш қалаға – Алматы, Астана және Шымкентке, одан кейін басқаларға пайдалануға мүмкіндік бермекпіз.

Сонымен қатар қазір жабық желіні пайдалана алатын жеке компаниялар, корпорациялар, өндірістік кәсіпорындар үшін кампус интернет-шешімдерін әзірлеп жатырмыз. Жалпы бұлтты технологиялар мен жасыл энергияны дамытуға және жоғарыда айтқанымдай, 5G желілерін бүкіл Қазақстан бойынша таратуға баса назар аударылады.

– Huawei компаниясының қазақстандық кеңсесі биыл мақсатты көрсеткіштерді қайта қарауға, бизнес-жоспарды өзгертуге мәжбүр болды ма?

– Иә, Huawei жоспарларына, сонымен бірге бүкіл аймақтың жалпы экономикалық жағдайына екі оқиға қатты әсер етті. Біріншісі – қаңтар трагедиясы, соның салдарынан байланыс операторлары инвестицияны азайтып, көп нәрсені қысқартуға мәжбүр болды. Екіншісі – Еуразия аймағындағы геосаяси жағдай. Сәйкесінше, бұл біздің көрсеткіштерімізге әсер етті.

Дегенмен қазір Қазақстанда болып жатқан өзгерістер жақын болашақта цифрлық инфрақұрылымды дамытуға көбірек мүмкіндіктер ашады деп ойлаймыз. Ал біз осыған тікелей атсалысып, сол арқылы түрлі сала мен аймақтардың өркендеуіне, соның ішінде әлеуметтік, білім беру жобаларының жүзеге асуына үлес қосқымыз келеді. Осы мақсаттарды негізге ала отырып, біз «Қазақстандық көзқарас» жаңа стратегиясын жасадық.

Huawei басқа елдерде жинаған жаһандану тәжірибесі алға қойған мақсаттарымызға жетуге және Қазақстанды дамудың келесі сатысына шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Сонымен қатар, біз өз шешімдеріміздің сапасы мен технологиялық құрамдас бөлігіне ғана емес, сонымен бірге осыған байланысты серіктестерге жан-жақты қолдау көрсете отырып, кейінгі техникалық қызмет көрсетуге де назар аударатынымызды атап өткім келеді.

– Жалпы Huawei бүкіл әлем бойынша АКТ саласындағы қандай жаһандық үрдістерді ұстанады және бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?

– Қазір Қытайда біздің компания электромобиль өндірушілерімен ынтымақтасады. Бұл - Huawei қазір ұстанатын жаңа және танымал трендтердің бірі.

Байқағаным, Алматы мен Астанада да электромобильдер көп, бірақ оларды қуаттайтын арнайы станциялар аз салынып жатыр. Осылайша осы машина иелері тиісті жабдықты көбіне өз үйінде орнатуды қалайды.

Сонымен бірге қазір бүкіл әлемде экология тазалығы ұғымы өзекті болып жатыр және болашақта барлығы да соған ұмтылады деп ойлаймын. Қазақстанда бұл үрдістің қаншалықты табысты болатыны инфрақұрылымға, қысқа мерзімде АКТ қалай дамитынына байланысты.

– Қазір Huawei-дің жаһандық желісінде, оның ішінде Қазақстанда қанша адам жұмыс істейді?

– Қазір Huawei-де 170-тен астам елде 200 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қазақстанда жұмысшылар саны - 220-ға жуық адам.

– Сонымен қатар Huawei компаниясының бірегей корпоративтік мәдениеті бар екенін білеміз. Оның ерекшелігі неде екенін айта аласыз ба?

 – Иә, шынымен де, Huawei компаниясының бірегей корпоративтік мәдениеті бар. Біз үшін таланттарды бір бағытта ғана емес, жан-жақты да тәрбиелеу маңызды. Біз адамның жеке қабілетінен бастаймыз және оны дамытуға тырысамыз. Бұл процесте қызметкердің өзі қай бағытқа қызығатынын түсінеді және осыған сүйене отырып, ол өзінің біліктілігін үнемі арттыру мүмкіндігіне ие бола отырып, мансап жолын салады.

Мысалы, жоғарыда айтқанымдай, мен Huawei компаниясында техникалық маман ретінде еңбек жолымды бастадым, содан кейін тұтынушыларға қызмет көрсету бөліміне ауыстым, содан кейін сату саласында және тағы басқасында жұмыс істедім. Сондықтан қазіргі қызметке жеткен кезде мен шын мәнінде компанияның барлық бағытын іштей біліп тұрамын. Сонымен қатар Huawei-дің корпоративтік мәдениеті жалпы назар аударатын, нәтижеге бағытталған және тұтынушыға жоғары ден қоятын істерді көздейді.

- Чжао Сюй мырза, сұхбатыңызға рақмет! Идеяларыңызды сәтті жүзеге асыруыңызға тілектеспін!