Қазақстан қалай аймақтық цифрлық хабқа айнала алады
Бүкіл әлемде цифрландыру үрдісі қалыптасып отыр және Қазақстан да бұл тұрғыда қалыс қалмайды. Керісінше, ел Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың бірі болуды жаһандық мақсат етіп қойды. АКТ сарапшылары Қазақстанның цифрлық хаб ретінде дамуын қалай көретіні туралы пікірлерін бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін елордада цифрлық индустрия үшін айтулы оқиға – IDG жыл сайынғы 9-шы IDG Government Innovation Forum өтті. Форум алаңында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен қатар жалпы Қазақстандағы ІТ нарығын дамыту мәселелері талқыланды. Орталық Азияның цифрлық хабы ретінде Қазақстанның даму тұжырымдамасы да жан-жақты ашылды.
Форум басталмас бұрын біз қонақтардан цифрлық хаб туралы айтқанда ең әуелі не еске түсетінін сұрадық. Қонақтар бірден үлкен деректерді, Қазақстанның электронды үкімет порталын, банктердің мобильді қосымшаларын еске алды және Қазақстанның Орталық Азиядағы басты цифрлық хабқа айналуы мүмкін екенін сенімді түрде айтты. Қонақтардың айтуынша, бұл қолайлы географиялық орналасу мен адами капиталдың арқасында мүмкін болып отыр.
ТМД елдеріндегі HSL Software компаниясының директоры Сергей Матросовтың айтуынша, цифрлық хаб туралы айтқанда жылдамдық, қолжетімділік және интеграция еске түседі. Сарапшының пайымдауынша, бұл үшін Қазақстанда барлық құзырет пен даму жылдамдығы бар.
Сергей Матросовтың сөзін IDC вице-президенті Андрей Беклемишев қостап, Қазақстан цифрландыруда көптеген елдерден озып, трендті белгілеп отырғанын атап өтті.
«Біз Қазақстанда цифрлық трансформацияның үлкен экожүйе аясында жүріп жатқанын көріп отырмыз және біз бұл экожүйе туралы, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастық туралы айтамыз», - деді Андрей Беклемишев.
Қыркүйек айында «Digital Bridge 2022» форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен зияткерлік және ғылыми әлеуетке ие бола отырып, Қазақстан инновацияларды, цифрлық өндіріс пен шығармашылықты дамыту үшін тартымды кеңістік ретінде әрекет ететінін айтты. Президент еліміздің алдында Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу міндеті тұрғанын атап өтті.
Осы стратегиялық міндетті басшылыққа ала отырып, Huawei АКТ саласындағы әлемдік көшбасшы ретінде Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретінде даму тұжырымдамасын әзірлеп, форумда осы көзқарасын ұсынды. Ұсынылған материалға сәйкес цифрлық хаб 4 деңгейден тұруы мүмкін: Коммуникациялар хабы, бұлтты технологиялар хабы, АКТ таланттар хабы, экожүйе хабы.
Huawei Technologies компаниясының Қазақстандағы бас директоры Чжао Сюй Қазақстанның барлық деңгейде цифрлық хаб ретінде қалай дамып жатқанын егжей-тегжейлі айтып берді.
Коммуникация хабы
«Каспий талшықты-оптикалық жобасы көрші елдермен және Еуразия континентімен жоғары жылдамдықты және сенімді байланыстарды қамтамасыз етеді. Қазақстанға коммуникациялық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру қажет. Мысалы, FBB ену жылдамдығын 70%-ға дейін арттыру керек. MBB төмен қосылу жылдамдығы 35 Мбит/с құрайды және оны 70 Мбит/с-қа дейін арттыру керек. 5G спектрінің ресурстары шектеулі және оларды 100 МГц-тен 200 МГц-ке дейін арттыру қажет. АКТ индустриясының көшбасшысы ретінде Huawei байланыс инфрақұрылымын құруға көмектесуді жалғастырады», - деді Чжао Сюй.
Бұлт технологиялар хабы
Бұлт хабы туралы айта келе, спикер Huawei бүкіл әлем бойынша 400-ден астам деректер орталығын, соның ішінде Қытай, БАӘ және Өзбекстандағы ұлттық деректер орталықтарын салғанын атап өтті. «Huawei Қазақстанға Еуразия аймағында деректерді біріктіру түйіндерін құруға көмектесе алады», - деп қосты ол.
АКТ таланттар хабы
Спикер АКТ таланттар хабына да мән берді. Ол 2025 жылға қарай Huawei Қазақстанда 50 АКТ академиясы мен оқу орталықтарын салуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Huawei сонымен қатар 20 университеттен 2000 студенті бар таланттарды іріктеу бағдарламасын жүзеге асырды және 2025 жылға қарай 300 Seeds for the Future, болашаққа «тұқым» егіледі. Сонымен қатар Huawei компаниясында 200-ден астам қызметкер жұмыс істейтіні, оның 84 %-ы қазақстандықтар екені де назар аударарлық. Сонымен қатар біз АКТ және жұмыспен қамту саласындағы дарындылардың дамуын ынталандыру үшін бірнеше венчурлық қорлар беруді жоспарлап отырмыз», - деді Чжао Сюй.
Экожүйе хабы
Экожүйелік хабқа қатысты спикер Huawei жақында «Go Cloud, Go Global» деп аталатын жаңа саясат шығарғанын хабарлады.
«Huawei Қазақстанға білім, қаржы, сауда, жаңа бөлшек сауда және өнеркәсіп сияқты салаларда цифрлық трансформацияға қол жеткізуге көмектесу үшін жаһандық салалық серіктестерді ұсынады. Сонымен қатар Huawei-де өнімдерге, шешімдерге және қызметтерге негізделген Қазақстанның АКТ экожүйесін қолдауға арналған техникалық база бар.
АКТ (Ақпараттық коммуникациялық технология) саласындағы жаһандық көшбасшы ретінде Huawei 1998 жылдан бері Қазақстанда да бай тәжірибеге ие және елде АКТ-ны енгізуге үлкен үлес қосты. Мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігері, сонымен қатар тәжірибе алмасу цифрлық технологияның барлық салаларында сенімді түрде алға жылжуға, табысқа және қалаған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын», - деп қосты Чжао Сюй.
Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тапсырысы бойынша IDC (International Data Corporation) Huawei сарапшыларымен бірлесіп Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту мүмкіндіктерін зерттеу жұмысын сәтті жалғастырып жатыр. Бұл «Ақ кітап» 2023 жылдың басында әзірленіп, министрлікке жіберіледі.