Бұл сайт cookie файлдарын пайдаланады. Сайтты қарауды жалғастыра отырып, сіз cookie файлдарын пайдалануымызға келісесіз. Құпиялық саясатымызбен танысыңыз

CIS GCCM 2026: Орталық Азияның цифрлық дәлізі қандай болмақ

Жасанды интеллект, бұлттық сервистер мен деректер орталықтарының қарқынды дамуы Еуропа мен Азия арасындағы трафик көлемін жылдам арттырып келеді. Осы үрдіс аясында Орталық Азия енді тек транзиттік аумақ ретінде емес, Еуразияның негізгі цифрлық хабтарының біріне айналу әлеуеті бар өңір ретінде қарастырыла бастады.

Дәл осы тақырып Алматыда өткен Global Carrier Community Meeting аясында Huawei және Carrier Community ұйымдастырған Central Asia Transit Roundtable дөңгелек үстелінің негізгі өзегіне айналды. Бір алаңда Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан және Грузияның байланыс операторлары мен сала сарапшылары бас қосты.

Талқылаудың басты тақырыптары трансшекаралық трафиктің өсуі, жаңа магистральдық бағыттарды дамыту және жасанды интеллект дәуірінде желілік инфрақұрылымға қойылатын жаңа талаптар болды.

Huawei компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Ван Ци бүгінде өңір алдында өзінің географиялық артықшылығын технологиялық басымдыққа айналдыру міндеті тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, Орталық Азия деректерді беру кідірісі төмен, сенімділігі жоғары және интеллектуалды басқаруға негізделген әлемдік деңгейдегі цифрлық дәліз қалыптастыра алады.

Трафик өсіміне қатысты болжамдар да бұл мүмкіндіктің ауқымын көрсетіп отыр. IDC компаниясының ТМД өңірі бойынша вице-президенті Андрей Беклемишевтің айтуынша, 2030 жылға қарай Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық трафик көлемі шамамен 611 Тбит/с-ке жетуі мүмкін. Бұл 2025 жылғы деңгейден 450 Тбит/с-тен астам жоғары. Осы көлемнің шамамен 30%-ы Орта дәліз арқылы өтуі ықтимал. Мұндай өсім Орталық Азия үшін жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар, желінің өткізу қабілетіне, кідіріс деңгейіне, сенімділігіне және маршруттардың әртараптандырылуына қойылатын талаптарды күшейтеді.

Беклемишевтің пікірінше, өңірдің бәсекеге қабілетті болуының маңызды шарттарының бірі – халықаралық клиенттер үшін бірыңғай интерфейстер мен стандартталған SLA талаптарын енгізу. Бұл операторларға жаһандық нарықта түсінікті әрі бәсекеге қабілетті шарттар ұсынуға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымның маңызы артып келе жатқанына TNS Global техникалық директоры Антон Рукавишников та назар аударды. Оның айтуынша, жасанды интеллект, бұлттық сервистер мен деректер орталықтарының дамуы жоғары өткізу қабілетін, желінің тұрақтылығын және балама маршруттардың болуын ерекше маңызды етеді.

Бүгінде TNS Global бес елде 14 500 шақырымнан астам талшықты-оптикалық желіге және 30-дан астам трансшекаралық қосылымға ие. Компания Орталық Азияның жаһандық цифрлық экожүйемен байланысын күшейте отырып, Шығыс – Батыс бағытын және Таяу Шығысқа қарай өтетін жаңа маршруттарды дамытуды жалғастыруда.

Тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жобаны «Қазақтелеком» АҚ ақпараттық технологиялар жөніндегі директоры Нұрлан Мейірманов таныстырды. CaspiLink – ұзындығы шамамен 380 шақырым болатын және өткізу қабілеті кемінде 400 Тбит/с-ті құрайтын Каспий теңізі арқылы өтетін суасты кабелі.

Жобаны коммерциялық пайдалануға беру 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. CaspiLink Еуропа мен Азия арасындағы бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік беріп, Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициясын одан әрі нығайтады деп күтілуде.

Сонымен қатар Қазақстан ел ішіндегі талшықты-оптикалық инфрақұрылымды және жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттарын дамытуда. Бұл транзиттік әлеуетті арттыру үшін ғана емес, бұлттық сервистерге, деректер орталықтарына және ЖИ шешімдеріне деген ішкі сұранысты қалыптастыру үшін де маңызды.

Қытай тарапынан жаңа бағыттарды дамытуға деген қызығушылықты China Unicom Global компаниясының Еуразия өңірі бойынша бас директордың орынбасары Ай Цзиньван білдірді. Компания Азия мен Еуропа арасында жоғары жылдамдықты әрі сенімді қосылымдарды қамтамасыз ету үшін жаһандық желілік инфрақұрылымын пайдаланады және Қазақстанмен, Әзірбайжанмен және өңірдің басқа елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Талқылаудың жеке бөлігі ЖИ дәуіріндегі желінің қандай болуы керектігіне арналды. Huawei компаниясының оптикалық транспорттық желілер бағытының президенті Гэвин Гу Орталық Азияға арналған жаңа буындағы толық оптикалық желі тұжырымдамасын таныстырды. Мақсатты архитектура Орталық Азия арқылы Еуропа мен Азия арасында деректерді тасымалдау кезінде кідірісті 25 мс-ке дейін, ұлттық деректер орталықтары арасында 15 мс-ке дейін, ал өңірлік деректер орталықтарына қол жеткізу кезінде 1 мс-ке дейін төмендетуді көздейді.

Технологиялық негіз ретінде Huawei екі бағытты – OTN for AI және AI for OTN – біріктіретін AI-OTN технологиясын дамытуда. Мұндай архитектура жоғары өткізу қабілетін, төмен кідірісті, сенімділік пен қауіпсіздікті, сондай-ақ желіні интеллектуалды басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Талқылау қорытындысында қатысушылар бұлттық сервистердің, деректер орталықтарының және ЖИ есептеулерінің дамуы өңірлік трафик өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналады деген ортақ пікірге келді. Сонымен бірге Орталық Азияның Еуропа, Азия және Таяу Шығыс арасындағы транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану да аса маңызды.

Ұлы Жібек жолы бойындағы құрлық бағыттары бүгінде суасты кабельдері мен Солтүстік бағытты толықтыратын маңызды баламаға айналып келеді. Осы жағдайда Орталық Азия тек транзиттік буын рөлімен шектелмей, Еуразияның толыққанды цифрлық хабы мәртебесіне ие болуға мүмкіндік алып отыр.